Аңдатпа
Мақалада инвестициялар мен экономикалық өсудің өзара байланысын зерттеудегі заманауи үрдістер библиометриялық талдау негізінде қарастырылады. Мақсат – инвестициялар мен экономикалық өсу арасындағы байланысты зерттеудегі негізгі тұжырымдамалар мен тәсілдерді анықтау және осы тақырыптағы зерттеу олқылықтарын анықтау арқылы болашақ зерттеулерге негіз жасау. Зерттеуде библиометриялық талдау әдісі қолданылып, VOSviewer және Biblioshiny бағдарламалық құралдары пайдаланылды. Үлгі Scopus деректер базасынан алынған 432 жарияланымды қамтыды. Таңдалған жарияланымдар ғылыми еңбектердің жылдық саны, жарияланым параметрлерінің байланысы, карталау, кластерлеу, тақырыптық модельдеу және желілік талдау сияқты көрсеткіштер бойынша талданды. Ғылыми әдебиеттерді шолу барысында зерттеушілердің инвестициялардың өсуге ықпалын анықтау үшін қандай зерттеу әдістерін, модельдер спецификациясын және деректер жиынтықтарын пайдаланатыны анықталды. Талдау барысында инвестициялар мен экономикалық өсу арасындағы байланысты зерттеуде зерттеушілер назар аударатын негізгі факторлар анықталды. Сондай-ақ Африка, Малайзия, Иран, Пәкістан және басқа да дамушы елдердегі жағдайды зерттеуге назардың ауысқаны туралы мәліметтер алынды. Библиометриялық талдау нәтижелерін инвестициялар мен экономикалық даму тақырыптары бойынша болашақ зерттеулерді жоспарлауда қолдануға болады.