Аңдатпа
Бұл мақалада Қазақстан Республикасындағы жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамытуға бағытталған бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етудегі мемлекеттік аудиттің әдіснамалық және институционалдық негіздері қарастырылады. Зерттеудің өзектілігі елдің 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі стратегиясымен және жасыл энергетика саласына мемлекеттік және халықаралық инвестициялар көлемінің ұлғаюымен айқындалады. Зерттеудің мақсаты – мемлекеттік қолдаумен іске асырылатын ЖЭК жобаларының ашықтығы мен нәтижелілігін қамтамасыз етуде қолданыстағы аудит механизмдерінің тиімділігін талдау. Зерттеу барысында нормативтік актілерге контент-талдау, 2018–2024 жылдар аралығындағы деректердің статистикалық өңдеуі және халықаралық тәжірибелермен салыстырмалы талдау жүргізілді. ЖЭК қаржыландыру құрылымына (70/30 үлгісі), инвестициялық преференциялар мен реттеуші шараларға ерекше назар аударылды. ЖЭК қуаттылығын арттыруда айтарлықтай ілгерілеу болғанымен, экологиялық және экономикалық тиімділікті бағалауда аудит әдістемесі әлі де әлсіз. Мақалада аудитке климаттық көрсеткіштерді енгізу ұсынылады. Зерттеудің ғылыми маңыздылығы – орнықты дамуға бағытталған мемлекеттік аудиттің аналитикалық тұжырымдамасын ұсынуында. Практикалық маңыздылығы – бюджет қаражатын тиімді пайдалану үшін аудит құралдарын жетілдіруге арналған ұсыныстарда.