Аңдатпа
Қазіргі таңда Қазақстанда мемлекеттік аудит сапасын арттыру бағытында жүйелі және кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қаржыны тиімді және мақсатты пайдалану үшін аудит жүйесінің сапасы мен ашықтығы маңызды рөл атқарады. Бұл бағытта ақпараттық технологияларды енгізу, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, аудит процесіне заманауи құралдар мен әдістерді қолдану өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бюджетті жоспарлау мен орындауға бақылау орнату – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың негізгі құралдарының бірі. Алайда, мемлекеттік аудитке ресурстардың жеткіліксіз немесе тиімсіз бөлінуі мемлекеттік бақылаудың сапасына теріс әсер етіп, ел экономикасының тұрақтылығына қауіп төндіреді. Сондықтан мемлекеттік секторда ресурстарды дұрыс бөлу, қаржылық бақылау құралдарын жетілдіру және аудит сапасына әсер ететін факторларды жүйелі зерттеу – басты міндеттердің бірі. Аталған зерттеу аясында мемлекеттік аудит жүйесінің ресурстық қамтамасыз етілуі мен сапасының арасындағы байланыс жан-жақты қарастырылды. Аудит сапасына әсер ететін негізгі факторлар анықталып, олардың тәжірибелік мәні сипатталды. Сонымен қатар, халықаралық тәжірибе негізінде тиімді стратегиялар мен ұсыныстар әзірленіп, оларды Қазақстан жағдайына бейімдеу жолдары ұсынылды. Бұл ұсыныстар мемлекеттік аудит жүйесінің ашықтығы мен нәтижелілігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік қаржыны тиімді басқаруға ықпал етеді.